Алматы облысында мопед ұрлаған күдіктілер ұсталды
Алматы облысында мопед ұрлаған күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Іле ауданы Ақсай ауылында полиция қызметкерлері қысқа мерзімде мототехника ұрлаған күдіктілерді ұстады. 23 наурызда Іле ауданының полициясына 50 жастағы жергілікті тұрғынынан мопедінің ұрланғаны туралы арыз түсті. Ер адамның айтуынша, белгісіз адамдар үйінің ауласынан ұрлық жасап, 556 667 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
– Оқиға орнына шұғыл түрде жедел-тергеу тобы жіберілді. Аймақты тексеру барысында полицейлер қылмыс іздерін зерттеп, куәгерлерден сұрастырып, бейнебақылау камера жазбаларын тексерді. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдіктіні анықтап, ұстады. Олар өз кінәсін толық мойындады, – деді полиция өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Полиция азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды және көліктерді қараусыз қалдырмауды ескертеді. Қосымша қорғаныс құралдарын пайдаланыңыз. Күдікті жағдайлар туындаған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.