Алматыда ПД жанынан нашақорлықтың алдын алу бойынша аймақтық кеңес құрылды
Алматыда ПД жанынан нашақорлықтың алдын алу бойынша аймақтық кеңес құрылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығын орындау мақсатында Алматыда нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес құрылды. Ол қалалық полиция департаменті жанынан жұмыс істейді және есірткі таратуға қарсы күресте күш біріктірудің маңызды тетігіне айналады.
Кеңес құрамына полиция қызметкерлері, журналистер, мәслихат депутаттары, “Жастар рухы” жастар қанатының өкілдері, қоғам қайраткерлері, блогерлер мен меценаттар кірді. Олардың барлығын бір мақсат біріктіреді – оңтүстік астана тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу.
Кеңес төрағасы болып Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов бекітілді. Оның орынбасарлары Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев пен “Хақ Назар” қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Жақыпов болды. Кеңестің бірінші отырысында сөз сөйлеген Мұрат Жұмабаев есірткі қылмысымен табысты күресу қоғамның кең қолдауынсыз мүмкін еместігін баса айтты.
— Нашақорлық мәселесі қылмыстық қудалау шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Бүгін біз жастар арасында ерте профилактикадан бастап, ата-аналар арасында тәрбие жұмысын күшейтуге дейінгі кешенді әдіс туралы айтып отырмыз. Күш біріктіру арқылы бұл зұлымдықпен күресіп, балаларымызды қауіпті ықпалдардан қорғай аламыз. Біз қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және жастар ұйымдарымен жүйелі түрде жұмыс істеуге дайынбыз, - деді, Мұрат Жұмабаев.
Жиынға қатысушылар бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылап, негізгі жұмыс бағыттарын белгіледі. Басымдықтарға ауқымды ақпараттық науқандар, жастармен және ата-аналармен кездесулер өткізу, әлеуметтік желілерде жұмыс жасау және қаладағы мектептер мен жоғары оқу орындарында нашақорлыққа қарсы науқандарды ұйымдастыру бар.
Алматы полициясы барлық мүдделі азаматтарды бұл бастаманы қолдауға шақырады. Біз бірлесіп қана болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз және салауатты орта жасай аламыз.