Семейде жасөспірімдер қылмысының алдын алуға арналған облыстық форум өтті
Семейде жасөспірімдер қылмысының алдын алуға арналған облыстық форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы №50 IT-мектеп-лицейінің базасында Абай облысы полиция департаментінің бастамасымен "Жасөспірім" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған облыстық форум өтті.
Форумның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың заңға құрметпен қарауын қалыптастырып, құқықтық мәдениетін көтеру жолында мемлекеттік органдар, қоғам қайраткерлері, жастар мен спорт өкілдері арасындағы ынтымақтастықты күшейту болды.
Іс-шарада жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстың өзекті мәселелері мен оларды бірлесіп шешу жолдары кеңінен талқыланды. Форумға қатысушылар бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Форумның құрметті қонақтарының қатарында Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығының төрағасы Серік Байғалиұлы, облыстық мәслихат депутаты Кеңеспек Мейірлі, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева, "Қазақстан Барысы – 2014" турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, "Семей" футзал клубының капитаны Чингиз Есенаманов пен ойыншысы Камиль Герейханов, танымал блогер Ахмет Чүкеев, сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының жастар қанаты мен "Жас орта" ұйымының өкілдері болды. Олар жас буынға заң талаптарын құрметтеуді, салауатты өмір салтын ұстануды, жауапкершілікті сезінуді және үлкен мақсаттарға ұмтылуды насихаттады.
Іс-шара барысында №50 IT-мектеп-лицейінің оқушылары құрған "Жол қозғалысының жас инспекторлары", "Жас сақшы" жасағы мен хор ұжымы өздерінің шығармашылық және патриоттық қойылымдарын ұсынып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Ашық диалог форматында өткен форум жасөспірімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудағы ортақ жауапкершілікті айқындай отырып, пікір алмасу мен өзара ынтымақтастықтың тиімді алаңына айналды.