Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы ПД-да нашақорлықтың алдын алудың жаңа тәсілдері талқыланды

Жамбыл облысы полиция департаментінде нашақорлықтың алдын алудың жаңа тәсілдері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 сәуірде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басшылығының төрағалығымен онлайн форматта "Нашақорлықтың заманауи үрдістері: жаңа сын-қатерлер мен алдын алу тәсілдері" тақырыбында семинар өткізілді.

Семинарға Жамбыл облысы ПД басшылығы, облыстық есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері және ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жеке құрамы қатысты.

Жиынның мақсаты – нашақорлықпен күрестің тиімді әдістерін қарастыру, қазіргі қоғамдағы нашақорлықтың даму үрдістеріне талдау жүргізу және алдын алу шараларын жетілдіру.

Қатысушылар саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің заманауи жолдары бойынша пікір алмасты.

– Біз бүгінде интернет пен әлеуметтік желілерді жиі пайдалану — жастарды есірткіге тәуелділікке ұшыратып жатқан ащы шындықпен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазіргі заманғы жағдайлар құқықтық шаралармен қатар, тиімді алдын алу жұмыстарын кешенді тәсілмен қолдануды талап етуде, – деді Жамбыл облысы ПД бастығы Бақытжан Малыбаев.

Семинар барысында жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың таралуы, синтетикалық есірткілердің қаупі, әлеуметтік желілер мен интернеттің бұл мәселеге әсері секілді маңызды тақырыптар қозғалды.

Сонымен қатар қатысушылар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы алдын алу шараларын арттыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру