Шымкентте киберқылмысқа қарсы күрес бойынша семинар өтті
Шымкентте киберқылмысқа қарсы күрес бойынша семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Киберқауіптерге қарсы іс-қимыл шараларын күшейту аясында Шымкентте Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен Шымкент, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының полиция департаменттерінің қатысуымен "Киберқылмыстарды тергеудің жаңа әдістері" тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов төрағалық етті.
Семинарда цифрлық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер қаралды: интернет-алаяқтықты тергеу, SIM-box құрылғыларын заңсыз пайдалану жайттарын анықтау және жолын кесу, цифрлық активтермен байланысты құқық бұзушылықтарды ашу, сондай-ақ байланыс операторларымен өзара іс-қимыл механизмдері.
Спикерлер қатарында ІІМ, прокуратура, сот органдары, қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері мен киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші сарапшылар болды. Семинар барысында нақты тәжірибелік жағдайлар мен цифрлық ортада жасалатын қылмыстарды ашуға байланысты өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар киберқылмыстардың алдын алу және тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл талқыланды.