Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев тәртіп сақшыларымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматы полициясының жеке құрамымен кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен мазмұнды әрі мәнді кездесу өтті. Кездесу барысында ол Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында айтқан негізгі бастамаларына кеңінен тоқталып, олардың мән-маңызын түсіндірді.

Мәлік Отарбаев – мемлекеттік және қоғамдық қызметтің түрлі сатыларынан өткен, бай тәжірибесімен ерекшеленетін тұлға. Ол халықаралық сарапшы, беделді басылымдардың редакторы, дипломат, әкімнің орынбасары, сондай-ақ ұлттық мәдени және ғылыми институттардың басшысы сынды жауапты қызметтерді атқарған. Қазіргі уақытта ол Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға және гуманитарлық саясатты қалыптастыруға белсенді үлес қосып келеді.

Кездесу барысында баяндамашы ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық келісімді дамыту, рухани жаңғыру мен тарихи сабақтастықты жалғастыру сынды Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтарға ерекше назар аударды. Сондай-ақ әрбір полиция қызметкерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі адалдығы мен жеке жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, Мәлік Отарбаевтың өзі – милиция қызметкерінің ұрпағы. Бұл оның тәртіп сақшыларына арналған сөзін шынайы әрі әсерлі ете түсті. Ол өз жолдауында полиция қызметінің ерекшелігін терең түсіне отырып, тәртіп сақшыларының рухани болмысына зор мән берілетінін атап өтті.

Іс-шараға полиция департаментінің жеке құрамы мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар бұл кездесудің тәрбиелік, патриоттық әрі мотивациялық мәнге ие болғанын атап өтті.

Алматы қаласының полициясы Мемлекет басшысының қоғамды біріктіруге, ұлттық сана-сезімді арттыруға және мемлекеттік тұтастықты нығайтуға бағытталған саясаты аясында өз жұмысын белсенді жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру