Павлодарда полиция балалар үшін "Көңілді старттар" спорттық мерекесін ұйымдастырды
Павлодарда полицейлер балалар үшін "Көңілді старттар" спорттық мерекесін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында "Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция департаментінің "Динамо" спорт кешенінде "Көңілді старттар" жарысы өтті.
Шараға 11-14 жас аралығындағы балалар үйлері мен интернат тәрбиеленушілері шақырылды.
Мерекелік іс-шараның шымылдығын Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжин ашып, қатысушыларды құттықтап, оларға жеңіске деген жігер мен спорттық рух тіледі.
Балалардың назарына арнайы техника мен құрал-жабдықтар, түрлі қару-жарақ үлгілері ұсынылды. Сондай-ақ қызметтік иттердің кедергілерді қалай оңай еңсеретінін, иіс арқылы адамдар мен олардың заттарын қалай табатынын көрсетті.
Мерекелік бағдарламаның сәнін кіргізген "Көңілді старттар" жарысында барлық балалар белсене қатысып, тамаша көңіл-күйге бөленді. Бес команда спорттық шеберлік пен жеңіс үшін өзара сайысқа түсті. Әр команда ерекше құлшыныспен өнер көрсетіп, бар күш-жігерін салып ойнады.
Барлық кезеңдерде балалар табандылық пен төзімділіктерін танытып, өз шеберліктерін көрсетті. Ең бастысы – олар сергектік пен көтеріңкі көңіл-күйге бөленді, көптеген жағымды эмоциялар сыйлады.
Тартысты жарыс нәтижесінде:
Бірінші орынды – Екібастұз қаласының "Үміт" балаларды қолдау өңірлік орталығының командасы,
Екінші орынды – Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының "Сұңқар" командасы,
Үшінші орынды – Павлодар қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының "Везунчики" командасы иеленді.
"Жылдам команда" номинациясында Екібастұз қаласындағы балаларды қолдау орталығы жеңіске жетсе, "Ең мықты" аталымын Тереңкөл ауданындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау орталығының "Батыр" командасы жеңіп алды.
Барлық қатысушылар арасында ең епті ойыншы ретінде Дамир Шишкин, ал ең тапқыр қатысушы ретінде Ялина Янцен танылды.
Шара соңында барлық балалар балмұздақпен сыйланып, жеңімпаздар мақтау грамоталары, сыйлықтар және кубоктармен марапатталды. Барлық сынақтардан сүрінбей өткен қатысушылар жеңіс тұғырына көтеріліп, шынайы қошеметке ие болды.
Осындай жарыстар арқылы біз салауатты өмір салтын насихаттап, балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырамыз. Егер жасөспірім спортпен айналысса, оның заң бұзуға уақыты болмайды, – деп атап өтті полицейлер.