Түркістан облысында полицейлер жас сақшылармен бірге тыл ардагеріне құрмет көрсетті
Полицейлер жас сақшылармен бірге 90 жасқа келген тыл ардагерінің алғысын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Дарханұлы полиция сыныбының жас сақшыларымен бірге ізгі бастаманың ұйытқысы болды. "Жасөспірім" республикалық іс-шарасы аясында олар 90 жасқа толған тыл ардагері Оразгүл Қаупаеваның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында Ердәулет Дарханұлы:
– Бүгінгі мамыражай тыныш өміріміз – Сіз секілді ел үшін жанын аямай еңбек еткен батыр ата-апаларымыздың жанқиярлығының жемісі. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды, – деп шынайы ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда 18 немере, 25 шөбере және 2 шөпшектің ортасында әулетінің шамшырағы болып отырған кейуана Оразгүл әжейдің жүзінде соғыс жылдарының сан тараулы тарихы әжім боп таңбаланғандай. Көнекөз қария ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына аналық ақ батасын беріп, ақжарма тілегін арнады.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған осы кездесуде жас сақшылар өмірлік тағылым алар естеліктерге қанықты. Әжейдің өнегелі әңгімелерін тыңдаған олар бейбіт өмірдің қандай қымбат екенін терең түсініп, Отанға адал қызмет етеміз деп өздеріне серт берді.