Талдықорғандық оқушылар криминалистика әлеміне саяхат жасады
Талдықорғандық оқушылар криминалистика әлеміне саяхат жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы №13 орта мектеп пен Мағжан Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының оқушылары Жетісу облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасына танымдық экскурсия жасады.
Іс-шара барысында оқушылар криминалист мамандығының мән-маңызына қанығып, аталған сала қызметкерлерінің күнделікті жұмыс бағыттарымен танысты. Құқық қорғау саласының мамандары қылмыс орнындағы айғақтарды жинау, түрлі сараптамалар жүргізу, қылмысты ашу тәсілдері туралы кеңінен әңгімелеп, нақты мысалдармен бөлісті.
Экскурсия аясында дактилоскопия, трасология, баллистика, портреттік сараптама және құжаттарды техникалық зерттеу сынды криминалистикалық сараптама түрлері көрсетілді. Ал тәжірибелік бөлімде оқушылар саусақ іздерін анықтауға арналған арнайы құралдардың жұмысын өз қолдарымен байқап көрді.
Осындай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, оларды құқық қорғау қызметіне деген қызығушылыққа жетелейді. Сонымен қатар криминалистикаға бет бұруды армандайтын оқушылар үшін үлкен шабыт пен серпін береді.