Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда қоян-қолтық жекпе-жектен жас спортшылар арасында турнир өтті

Павлодарда қоян-қолтық жекпе-жектен жас спортшылар арасында турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласындағы "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының базасында облыстық полиция департаментінің қолдауымен қоян-қолтық жекпе-жектен жасөспірімдер арасында турнир ұйымдастырылды. Айтулы жарыс "Динамо" спорт қоғамының 100 жылдығына арналды.

Додалы бәсекеге Павлодар, Астана және Алматы қалаларынан келген спорт клубтарының 12 командасы қатысты. 8 жастан 15 жасқа дейінгі 170 жас спортшы жекпе-жек өнеріндегі шеберліктерін ортаға салды.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орынбаев мұндай жарыстардың жас ұрпақты патриотизмге, спортқа деген сүйіспеншілікке баулып, жеңіске деген жігер мен табандылықты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Ол барлық қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.

Жарыс барысында жас спортшылар жоғары деңгейдегі дене дайындығын, техникалық шеберлігін және жеңіске деген қайсарлығын көрсетті. Әрбір кездесу тартысты өтіп, жанкүйерлердің ыстық қолдауына ие болды.

Турнир соңында барлық қатысушыларға медальдар табысталса, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы бағалы сыйлықтармен және чемпиондық белбеулермен марапатталды.

Бұл спорттық шара жасөспірімдер арасындағы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, болашақ батырлар буынын тәрбиелеуге де зор үлес қосты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру