Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында жас полицейлер салтанатты түрде ант берді

Алматы облысында жас полицейлер салтанатты түрде ант берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн – ерлік пен отансүйгіштікті, рух пен табандылықты ұлықтайтын ерекше мереке. Мерекелік рәсім аясында 18 жас қызметкер құқық қорғау органдарының қатарына ресми түрде қабылданып, ел мен заң алдындағы адалдық антын берді.

Салтанатты шараны ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев жас қызметкерлерге жүрекжарды тілегін арнады:

– Полиция қызметкері болу – зор жауапкершілік. Бүгіннен бастап сіздер жай азамат емес, заң мен тәртіптің қорғанысыздар. Халықтың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – сіздерге артылған қасиетті міндет. Бұл жолда әрқайсыңыздан адалдық пен табандылық талап етіледі. Жоғары атақты абыроймен алып жүретініңізге сенемін, – деді ол.

Іс-шара барысында тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Сағатбек Нұрахметов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Бөембаев та жас мамандарға ізгі тілектерін білдіріп, олардың болашаққа деген сенімін арттырды. Олар бірлік, жауапкершілік пен дәстүрге адалдықтың полиция қызметіндегі маңызын ерекше атап өтті.

Салтанатты сәт жас қызметкерлер үшін кәсіби өмірдің жаңа кезеңінің бастауы ғана емес, буындар сабақтастығы мен қызметтік абыройдың символына айналды. Ерекше құрмет ата-аналарға көрсетілді — олар елге адал ұрпақ тәрбиелеген нағыз батырлар ретінде танылды.

Іс-шара аясында қоғамдық қауіпсіздікке сіңірген еңбегі үшін 27 қызметкер ІІМ-нің ведомстволық марапаттарымен, ал тағы 205 полицей департамент бастығының алғыс хаттары және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Бұл салтанатты күн — полицейлік қызметтің қадір-қасиетін айшықтаған, патриотизм мен азаматтық борышқа деген адалдықты паш еткен тағылымды оқиға ретінде есте қалды. Ант берген әр жас — ел тыныштығының сенімді тірегі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру