Жамбыл облысы полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті
Жамбыл облысы полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
7 мамыр күні Жамбыл облысы полиция департаментінің саптық алаңында ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Олжас Мырзабековтың жетекшілігімен жеке құрамның салтанатты сап түзеуі өтті.
Құттықтау сөзінде О.Мырзабеков полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдары ардагерлерін атаулы мерекелермен құттықтап, ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденовтың атынан қызметтік міндеттерін адал және абыроймен атқарған, сондай-ақ әрқашан көмек көрсетуге дайын полиция қызметкерлеріне марапаттарын табыстады.
Облыстық ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары Дидар Қожантаев пен Айбек Алиханұлына, сондай-ақ Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ерлан Битановқа Жамбыл облысында мотоциклмен саяхаттап жүрген шетелдік туристке құжаттарын қайтаруға көрсеткен көмектері үшін ведомстволық марапаттар берілді.
Полиция қызметкерлері шетелдік азаматты қуып жетіп, құжаттарын өз қолдарымен табыстаған. Сонымен қатар олар оның көлігін жанармаймен қамтамасыз етіп, қауіпсіздігін қадағалап, шығарып салған.
Сонымен қатар мерекелік шеруде ПД бастығы Бақытжан Малыбаев ішкі істер органдары ардагерлеріне мінсіз қызметтері үшін алғыс айтып, олардың құқық қорғау қызметінде жинаған тәжірибесі баға жетпес құндылық екенін және қызметтік міндеттерді адал әрі абыроймен орындаудың үлгісі болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша үздік жұмысы үшін бірнеше полиция қызметкеріне Жамбыл облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың алғыс хаттары табысталды.
Іс-шараның соңында жеке құрам оркестр әуенімен салтанатты шерумен өтіп, қызметтік орындарына бет алды.