Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жас қызметкерлер ант қабылдады
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жас қызметкерлер ант қабылдап, мерекелік іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 7 мамыр күні Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы атаулы күндерге орай ішкі істер органдарына қызметке жаңадан қабылданған жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылып, салтанатты түрде өтті.
Мерекелік шарада ҚАЖ департаментінің басшылығы, қызметкерлер, сондай-ақ ардагерлер мен шақырылған қонақтар қатысты. Мемлекеттік Тудың салтанатты кіргізілуінен басталған рәсім жас мамандардың елімізге, халқымызға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпке берік болуға серт беруімен жалғасты. Олар Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, ел мен халық алдындағы азаматтық борышын адал атқаруға ант берді.
Іс-шара барысында ҚАЖ қызметкерлері мен сала ардагерлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай ведомстволық марапаттармен, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Сала ардагерлері жас қызметкерлерге қызметтік борыш пен жауапкершілік жайында өмірлік маңызы бар кеңестерін айтып, ақ баталарын берді.
Мерекелік шара патриоттық әндермен, әскери-спорттық көрсетілімдермен және шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Осындай іс-шаралар жас мамандардың бойында патриоттық рухты көтеріп, елге қызмет ету жолындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді.