Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті Жеңіс күнін атап өтті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті Жеңіс күнін атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
9 Мамыр — Жеңіс күні қарсаңында Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері атаулы күнге арналған бірқатар естелік шаралар ұйымдастырды.
Аға буынның ерлігіне деген терең ризашылық пен құрмет белгісі ретінде ҚАЖ департаментінің өкілдері әскери бөліммен бірлесіп, тыл еңбеккерлері мен ардагерлерді арнайы құттықтап шықты. Олар үшін дала асханасы ұйымдастырылып, барша қатысушыларға майдан кезіндегі тағамдар ұсынылды.
Мерекелік алаңда департамент қызметкерлері мен олардың балалары “Жеңіс күні” және “9 Мамыр” әндерін орындап, патриоттық рух сыйлады. Шынайы алғыс сөздер мен музыкалық қойылымдар жылы атмосфера қалыптастырып, шараға келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеушілер де мерекеге орай бастама көтерді. Олар әйгілі қазақ батырлары — Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлованың портреттерін салып, Ұлы Жеңіске үлес қосқан ұлт қаһармандарына деген құрметтерін білдірді. Бұл еңбектер ел тарихына тағзымның, ұрпақ санасына сіңірілген естеліктің көрінісі болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік пен жанқиярлық ұмытылмақ емес. Бұл — бүгінгі бейбіт өміріміздің негізі. ҚАЖ департаментінің ұйымдастырған іс-шаралары — батырлар рухына тағзым мен олардың ерлігіне деген мәңгілік алғыстың айғағы.