Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері ҰОС мемориалына гүл шоқтарын қойды
Абай облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлерінің балалары ҰОС мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарма ауданында Абай облысы бойынша ҚАЖД №23 мекемесінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл патриоттық іс-шараға алғаш рет қызметкерлердің балалары да қатысып, шараның маңыздылығын арттыра түсті.
— Бұл іс-шара тек біз үшін емес, балаларымыз үшін де маңызды. Олар алғаш рет Ұлы Отан соғысы туралы естелікпен бетпе-бет келіп, оның маңызын сезінді. Осындай құндылықтарды ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз, – деді Кадр және тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығы Асель Уаисова.
— Қызым таңертеңнен бастап: "Қайда барамыз? Бұл гүлдер не үшін?" деп қайта-қайта сұрай берді. Мен оған ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алуға баратынымызды түсіндірдім. Ол мұны түсініп, барлығына өте байыппен қарады. Бұл мен үшін өте әсерлі сәт болды. Қызымның осындай дәстүрге қатысқанына қуаныштымын, — деп атап өтті мекеме қызметкері Ардақ Калиева.
Сонымен қатар қызметкерлер балаларын 101 жастағы тыл ардагері Күлше апамен таныстырып, Жеңіс мерекесімен құттықтап қайтты. Ардақты ана өз естеліктерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа бейбіт күннің қадірін білу керектігін жеткізді. Бұл кездесу балалар үшін үлкен тәрбие мен әсерлі сабақ болды.
Іс-шара жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттыруға, патриоттық сезім қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.