Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында "Қауіпсіз жол" іс-шарасының бірінші кезеңі қорытындыланды

Павлодар облысында "Қауіпсіз жол" іс-шарасының бірінші кезеңі қорытындыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Павлодар облысында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

Аталған іс-шараның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр полицияның жеке құрамымен жедел кеңес өткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Кеңес барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің бұл бағыттағы жауапкершілігі жайлы мәселелер көтерілді.

Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары барысында қауіпсіздік шараларын сақтау, құрылыс учаскелерінде тиісті белгілер орнату және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы өзара іс-қимылдар да назардан тыс қалмады.

Бір ай ішінде полицейлер жол қозғалысы ережелеріне қатысты алты мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады. Мамандандырылған айып тұрағына 265 көлік жеткізілді, оның ішінде 27 мопед пен шетелдік тіркеуде тұрған 7 көлік бар. 110 мемлекеттік нөмір тәркіленді.

Облыс аумағында 15 автожол тексеріліп, 163 ақау анықталды. Бұл бойынша 15 ескерту нұсқамасы беріліп, жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны және жөндеу жұмыстарын жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 18 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 707 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Техникалық қадағалау бағыты бойынша да 50 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар жолдардағы ықтимал қауіп-қатерлерді жою және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар Павлодар–Қызылорда және Омбы–Майқапшағай автожолдарында полиция бекеттері орнатылып, көлік қозғалысы бір жолаққа дейін шектелді. Бұл бекеттерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қауіпсіздігі туралы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылды.

Полиция департаменті аталған іс-шаралардың басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі жол-көлік оқиғаларының санын азайту екенін атап өтті.

Жыл сайын жол ережесін бұзғандарға қолданылатын жазалау шаралары күшейіп келеді. Алайда, өкінішке қарай, жол қозғалысына жауапсыз қарайтын және басқа азаматтардың өміріне қауіп төндіретін азаматтар әлі де кездеседі. Мұндай салғырттық кейде қайғылы жағдайларға алып келіп жатады.

Осыған байланысты, полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды, соның ішінде жаяу жүргіншілерді де жолдағы кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік танытуға және мұндай әрекеттерге жол бермеуге шақырады. Өзара құрмет пен жауапкершілік – баршамыздың қауіпсіздігіміздің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру