Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облыстық ПД бастығы футболдың жас чемпиондарымен кездесті

Павлодар облыстық ПД бастығы Василий Скляр футболдың жас чемпиондарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр халықаралық турнирде 22 елден келген 36 команданың арасынан озып шығып, әйгілі "Манчестер Сити" мен "Ювентус" клубтарын жеңіп, Abu Dhabi Cup иегері атанған "RB Arman" футбол клубының жас ойыншыларымен кездесті.

– Жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сендер өмірлік жолдың басында тұрсыңдар, бұл – алғашқы баспалдақ. Алда әлі талай асулар бар. Өздеріңе сенуге, армандарға ұмтылуға жол көрсеткен ата-аналарыңа және жаттықтырушыларыңа алғыс білдіремін, – деді ведомство басшысы.

Кездесу барысында жеңімпаз балаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жас спортшылар генералға сұрақтар қойып, өз жетістіктері мен болашақтағы армандары туралы әңгімелесті.

Марапаттау рәсімінен кейін полицейлер балалар үшін танымдық экскурсия ұйымдастырды. Кинологиялық қызмет мамандары иттердің әртүрлі тұқымдары, олардың есірткі мен жарылғыш заттарды, сондай-ақ із-түссіз жоғалған адамдарды анықтаудағы рөлі туралы айтып, төрт аяқты серіктерінің шеберліктерін көрсетті.

Содан кейін оқушылар полиция мұражайына барып, ішкі істер органдарының тарихымен танысты. Мұнда Павлодар облысы полициясының қалыптасу жолы, тарихи құжаттар, фотосуреттер, арнайы жабдықтар мен формалар, сондай-ақ басқа да қызықты экспонаттар ұсынылды.

Экскурсия жедел басқару орталығында жалғасты. Балаларға бейнебақылау жүйелерінің құқық бұзушылықтарды қалай тіркейтіні және құқық бұзушыларды жедел ұстауға қалай көмектесетіні көрсетілді.

– Генералдың қолынан сыйлық алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің өмірімдегі ерекше сәт. Осындай мүмкіндікті сыйлаған полицейлерге алғыс айтамын. Бұл бізге әрі қарай да білім мен спортта жетістікке жетуге шабыт береді, – деді 10 жасар Жәңгір Шаймарданов.

Іс-шара соңында полиция қызметкерлері балаларға жарқын жазғы демалыс тілеп, қауіпсіздік ережелері мен құқыққа сай тәртіпті сақтаудың маңыздылығын еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру