Петропавлда "Жас сақшы" сыныбына арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды
Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы IT-лицейде "Жас сақшы" құқық қорғау бағытындағы сынып оқушыларына арналған шеберлік сағаты өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы және мобилизациялық дайындық басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды.
Сабақ барысында оқушылар Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын бөлшектеу және жинау тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ саптық дайындықтың негізгі элементтерімен танысты. Тәжірибелі нұсқаушы офицерлер қарумен жұмыс істеу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп, балаларға өз бетімен орындауға мүмкіндік берді. Іс-шараға ұлдармен қатар қыздар да белсенді қатысты.
Сабақтың соңында оқушылар саптық бұрылыс жасау мен саптық адымдауды үйренді. Мұндай тәжірибелік сабақтар балалардың жалпы дамуына, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға, сондай-ақ болашақ мамандық таңдауға бағыт береді.
Қазіргі таңда СҚО-да екі "Жас сақшы" сыныбы жұмыс істейді. Бұл сыныптарда оқушылар полиция қызметкерлерінің қамқорлығымен арнайы дайындықтан өтіп, көшбасшылық қасиеттерін, физикалық төзімділікті дамытып, патриоттық тәрбие алады. Алған білімдері мен дағдылары түлектерге болашақта қандай мамандық таңдаса да, өмірлік жолында пайдалы болмақ.