Астанада полиция тұрғындарды сан соқтырған алаяқты қолға түсірді
Астанада полиция тұрғындарды сан соқтырған алаяқты қолға түсірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық полицейлер модульді үйлер салу қызметі үшін адамдардан алдын ала төлем алып, кейін ізін суытып отырған алаяқ әйелді ұстады. Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 27 жастағы азаматша алаяқтық жасады деген күдікпен анықталып, ұсталды. Ол кінәсін мойындады.
Аталған алаяқтық әрекет алғаш рет жергілікті тұрғын полицияға арызданған кезде белгілі болды. Оның айтуынша, бір фирманың өкілі арзан бағада үй салып беремін деп уәде беріп, шамамен 5 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алайда өз уәдесін орындамаған. Мұндай схема бойынша тағы 6 адам алданып қалғаны анықталды.
Күдіктіге қатысты барлығы 7 қылмыстық іс тіркелген, келтірілген жалпы шығын сомасы 35 миллион теңгеден асады.