Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада сотталғандар үшін Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме ұсынылды

Ақмолада сотталғандар үшін Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме ұсынылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

№65 түзеу мекемесінің қызметкерлері Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми кітапханасының өкілдерімен сотталғандарға арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырды. Іс-шара ұлы ақын, ағартушы, философ және қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында өтті. Кездесу барысында кітапхана қызметкерлері арнайы әзірленген шағын көрмені ұсынды.

– Абай Құнанбаев – XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, халқымыздың рухани мұрасының жарқын өкілі. Оның шығармалары – өлеңдері, поэмалары мен философиялық ой-толғаулары – әлемдік әдебиеттің баға жетпес қазынасына айналды. Сонымен қатар, Абай орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне көркем аударып, халқымызды Батыс Еуропа әдебиетінің жауһарларымен таныстырды. Оның мол мұрасы бүгінде әлемнің көптеген тіліне аударылып, жаһан жұртшылығына кеңінен танылуда. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы да ақын есімінің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты, – деді кітапхананың оқу залы мен мерзімді басылымдар секторының жетекшісі Күлзада Мұхамедқалиева.

Кездесу соңында кітапханашылар мекемеге Абай шығармаларынан тұратын кітапты сыйға тартты.

– Қонақтарымызға, яғни кітапхана ұжымына, шынайы ықыласпен өткен әсерлі кездесу, мазмұнды әңгіме мен құнды кітаптар үшін алғысымыз шексіз, – деді мекеме бастығының орынбасары Евгений Бенковский.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру