Алматыда полиция студенттерге дәріс өткізді
Алматыда полиция студенттерге дәріс өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан — Британ техникалық университетінде киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері студенттерге түсіндіру дәрісін өткізді. Тақырып – интернет алаяқтық тізбектеріне кірмеуді ескерту. Полицияның мәліметінше, жастар киберқылмыстардың құрбаны ғана емес, сонымен қатар сыбайласы да болып бара жатыр. Оларға жеңіл табыс ретінде “дроппер”, жалған курьер, деректер жинаушы және бот-оператор рөлдері ұсынылады. Алайда, бұл – қылмыстық әрекет, оның салдары қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
— Өкінішке қарай, бүгінде кибералаяқтар жастарды өз әрекеттеріне тарту жолында белсенді жұмыс істеуде. Оларға жылдам ақша уәде етіледі, бірақ бұл әрекеттердің артында қылмыс тұрғаны айтылмайды. Біз бұл туралы ашық айту үшін келдік. Студенттер уақытында түсінуі өте маңызды: қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, ал бұл тізбектерге қатысу – ойын емес, – деді, Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.
Полицейлер кең таралған алаяқтық тізбектері туралы айтты: “бот-банкирлер”, жалған сайттар, ұрланған деректермен жұмыс, криптовалютаға қатысты алаяқтықтар. Студенттерге фишинг пен шынайы сервистердің айырмашылығы, жеке деректерді үшінші тұлғаларға не себепті беруге болмайтыны және алаяқтардың құрбанына айналған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді.
Алматының жоғары оқу орындарында профилактикалық жұмыс жалғасуда.
Полиция жастарды бейжай болмауға, цифрлық деректерін қорғауға және күмәнді әрекеттер туралы “102” пультіне хабарлауға шақырады.