Колония қабырғасында соңғы қоңырау соғылды
Алматыдағы колония қабырғасында соңғы қоңырау соғылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған №11 мекемеде ерекше мазмұндағы мерекелік шара өтті. "Сыңғырла, соңғы қоңырау!" атты бұл дәстүрлі іс-шара №3 жалпы білім беретін орта мектептің 2024–2025 оқу жылын тәмамдаған оқушыларына арналды. Биыл мектепті 66 оқушы аяқтады: 41 оқушы – қазақ бөлімінде, 25 оқушы – орыс бөлімінде білім алды.
Мектепті аяқтап отырған 17 жасөспірім – тағдырдың түрлі сынағынан өткен, дегенмен өмірден үмітін үзбеген балалар. Қиындықтарға қарамастан, олар білім алуға құлшыныс танытып, алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсуді мақсат етіп отыр.
Салтанатты жиында мекеме бастығы А. Сүлейменов оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, олардың жетістіктерін ерекше атап өтті. Ол түлектерге білім мен тәрбие арқылы қоғамда өз орнын табуға тілек білдірді. Мекеме әкімшілігі мен ұстаздар қауымы да өз ақ тілектерін арнап, оқушыларға сенім мен үміт сыйлады.
Шара барысында 8 және 10-сынып оқушылары алдағы сыныптан сыныпқа көшу емтихандарына дайындалып жатса, 9 және 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады.
Мерекелік жиында оқушылар ұстаздарына арнаған өлеңдерін оқып, кештің әсерлі өтуіне атсалысты. Бұл соңғы қоңырау – тек білімнің аяқталуын емес, сонымен қатар жаңа өмір жолына бастар үміт пен сенімнің сыңғыры іспетті болды.