Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланда арқан тартудан үздіктер анықталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланда арқан тартудан үздіктер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері арасында арқан тартудан біріншілік ұйымдастырылды. Жарысқа Бас басқармалар, қызметтер мен орталықтардың намысын қорғаған 120-дан астам әскери қызметші қатысты.

Спорттық шара командалық рухты нығайтып, дене дайындығын шыңдау мақсатында өткізілді.
Екі күнге созылған додада қатысушылар күш пен бірлікті, төзімділік пен ұйымшылдықты паш етті. Қызықты әрі тартысты өткен бәсекеде ең үздік үштік анықталып, лайықты марапаттарға ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды “Б” орталығының командасы иеленді. Екінші орын тыл басқармасы мен мемлекеттік сатып алу басқармасы және күрделі құрылыс пен пәтерлендіру басқармасының біріккен командасына бұйырды. Ал бірінші орын және ауыспалы кубокты әскерді басқару орталығының командасы жеңіп алды. Бұл ұжым жоғары ұйымшылдық пен табандылық танытып, өзгелерден оза шапты.

Арқан тарту – әскери тәртіп пен күш-қайратты сынға салатын маңызды спорт түрлерінің бірі. Мұндай жарыстар сарбаздар арасындағы бірлікті арттырып қана қоймай, бөлімшелердің ішкі үйлесімділігін нығайта түседі.

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы осындай жарыстарды тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы жеке құрамның рухын көтеруді, салауатты өмір салтын насихаттауды және әскери дайындықтың сапасын арттыруды мақсат етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру