Павлодарда "Жолда қабылдау" акциясының алғашқы күні 300-ге жуық азамат құқықтық кеңес алды
Павлодар облысында "Жолда қабылдау" акциясының алғашқы күнінде 300-ге жуық азамат құқықтық кеңес алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс орнату мақсатында Павлодар облысында полицейлер "Жолда қабылдау" республикалық акциясын бастады. Іс-шара аясында тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирлер мен кездесулер арқылы жауап беріліп, құқықтық көмек көрсетілді.
Облыстың барлық қала және аудан орталықтарында ұйымдастырылған акцияның мақсаты – халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және интернет-алаяқтықпен күресу. Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 384 жол апаты тіркеліп, 25 адам қайтыс болған, 500-ден астам адам әртүрлі жарақат алған.
Акция барысында ақпараттық парақшалар таратылып, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу ережелері, көші-қон заңнамасы мен полиция қатарына жұмысқа орналасу тәртібі бойынша кеңестер берілді. Әсіресе мотокөлік жүргізушілері арасында жол ережелерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мысалы Ертіс ауданының тұрғындары мопед жүргізу жасы, ауыл жолдарына жасанды жол кедергілерін орнату тәртібі, қаңғыбас мал мәселесі сынды сұрақтар қойды. Ал Instagram арқылы келіп түскен өтініштерге де жедел әрекет етілді. Қоряковка ауылында жасөспірімдердің мотоциклдерді жоғары жылдамдықпен жүргізуі туралы шағым бойынша рейдтік тексеріс жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарға құқық бұзушылықтарды фото немесе бейне түрінде түсіріп, @dp_pavlodar парақшасына жіберуді ұсынды. Әлеуметтік желі қолданушылары полицияның ашық жұмысына алғыстарын білдіріп, ұсыныстарын қалдырды.
"Жолда қабылдау" акциясы – полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, нақты көмек көрсетуге бағытталған тиімді алаң. Әрбір азаматтың үнін естіп, дер кезінде әрекет ету – құқық қорғау органдарының басты басымдығы.