Жетісуда оқушылар нашақорлыққа қарсы айлық аясында мәдени мұрамен танысуда
Жетісу облысында нашақорлықпен күрес жөніндегі халықаралық күнге орай айлық басталды. Іс-шаралар жоспары аясында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен білім басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін Жетісу облысының музейлеріне экскурсиялар өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастаманың мақсаты – тек танымдық емес, сонымен қатар алдын алу бағытын көздейді. Туған өлкенің тарихи-мәдени және табиғи мұрасымен танысу арқылы оқушыларға өмірдің құндылығы, білімнің маңызы және саналы таңдау жасау қажеттілігі туралы ой салынды. Экскурсия барысында есірткі тақырыбына ерекше назар аударылып, олардың денсаулыққа, өмірге және болашаққа тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері оқушылармен ашық диалог өткізіп, есірткі қолданудың салдары, сақтану жолдары және есірткі айналымына қатысы бар адамдарға қолданылатын қылмыстық жауапкершілік туралы айтты. Әңгіме нақты мысалдармен өрбіп, оқушылар тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдау тапты.
Шара аясында "Есірткіге жол жоқ!" деген жазуы бар футболкалар мен бас киімдер таратылып, бұл – салауатты өмір салтын таңдаудың маңыздылығын білдіретін символына айналды.
Экскурсия бағыттары облыстың бірнеше маңызды мәдени нысандарын қамтыды:
• Ақсу ауданындағы Ақын Сара музейі,
• 30 оқушы қатысқан "Тамшыбұлақ" шипажайы,
• Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев музейі — 35 оқушы,
• Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемориалдық музей — 35 оқушы.
Әрбір экскурсия танымдық сипатымен қатар шабыт берерлік болды. Оқушылар Жетісу өңірінің бай тарихы мен мәдени дәстүрлерімен жақынырақ танысып, есірткі қылмысына қарсы күрес саласының мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.