Полиция ескертеді: Бала қауіпсіздігі үшін терезелерге құлып орнатыңыз
Полиция ата-аналарды терезелерге қауіпсіздік қорғаныстарын орнатуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 маусым күні Павлодар қаласында қайғылы жағдай орын алды – 6 жасар бала көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан құлап, алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Белгілі болғандай, балкон әйнектелген, ал баланың ерекше күтімді қажет ететіні анықталды. Оқиға болған сәтте анасы ас үйде шаруамен айналысып жатқан, сондай-ақ пәтерде әпкесі де болған.
Аталған факті бойынша Павлодар облысы полиция департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған орай тәртіп сақшылары ата-аналар мен қамқоршыларға кішкентай балаларды терезесі немесе балконы ашық тұрған бөлмеде қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Мұндай оқиғалардың жиі кездесетін себебі – балалардың дұрыс бекітілмеген маса торларына сүйенуі немесе ашық тұрған терезе мен балкон есіктеріне қызығушылық танытуы. Көп жағдайда ересектердің бейқамдығы – қайғылы оқиғаға алып келеді.
Полиция ата-аналарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- Терезелерге қорғаныссыз маса торларын орнатпаңыз.
- Арнайы құлыптары бар терезе тұтқаларын орнатыңыз – оларды бала өздігінен аша алмайды.
- Терезе мен балкон маңында ойнап жүрген балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
- Балаларға қауіпсіз мінез-құлық туралы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырыңыз.
Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне ең алдымен өзі жауапты екенін естен шығармауы тиіс. Сақ болыңыздар, қырағы болыңыздар.