Алматыда аңшылар мен балықшылар табиғат тазалығы үшін бірікті
Алматыда аңшылар мен балықшылар табиғат тазалығы үшін бірікті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мен 30 маусым аралығында, Қазақстан полициясы күніне орай өткізіліп жатқан республикалық "Заң және Тәртіп" айлығы аясында Алматыда "Аңшы мен балықшы – таза табиғат үшін" атты экологиялық науқан басталды.
Ауқымды шараның мақсаты — қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, аңшылық және су қоймалары аумақтарының ластану мәселелеріне назар аудару, сондай-ақ табиғи байлықты қорғау бағытында азаматтық ұстанымды нығайту.
Науқан барысында Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мемлекеттік органдар, аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ қару айналымы саласында жұмыс істейтін ұйымдармен бірлесіп тұрғындармен түсіндіру кездесулерін өткізді. Табиғат аясында жүріп-тұру ережелері таныстырылып, аңшылық алқаптар мен су жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
– 2025 жыл Ішкі істер министрлігі жүйесінде "Профилактика жылы" деп жарияланды. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды болдырмаумен қатар, азаматтардың заңға, табиғатқа деген құрметін нығайту. Табиғат тазалығы – бұл да қауіпсіздіктің кепілі. Науқанға белсенді қатысқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұндай игі бастамалар дәстүрге айналып, заң мен тәртіпке жанашыр жандарды біріктіреді деп сенеміз, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Айымбетов.
Полиция қызметкерлері барлық аңшыларды, балықшыларды және табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындарды атсалысуға шақырады.