Алматыда аумақтарды ластауға қатысты 8,5 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді
Алматыда абаттандыру қағидалары мен аумақтардың санитарлық тазалығын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті рейдтік іс-шара Алатау ауданында өтті. Полиция қызметкерлері аумақтардың жай-күйін тексеріп, қоршаған ортаны ластау, белгіленбеген орындарға қоқыс төгу және қоғамдық орындарды күтіп-ұстау талаптарының сақталуына назар аударды.
Рейд барысында жекелеген аумақтардың тиісті деңгейде күтіп ұсталмағаны және қалдықтардың белгіленбеген орындарға төгілгені анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау қаланың барлық ауданында жүйелі түрде жүргізіледі.
— Қала тазалығы мен тәртібі коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, азаматтарға белгіленген талаптарды түсіндіру арқылы олардың алдын алу, — деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 8 590 құқық бұзушылық анықталған.
Полиция тұрғындарды тазалық сақтауға, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төкпеуге және қоғамдық аумақтарға ұқыпты қарауға шақырады.
