Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында тәртіп сақшыларының балалары арасында сурет байқауы ұйымдастырылды

Ақтөбе облысында тәртіп сақшыларының балалары арасында сурет байқауы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен №1 Абай атындағы қалалық кітапханада қызметкерлердің балалары арасында “Мен полиция боламын” және “Менің ата-анам полицей” тақырыптарында сурет салу байқауы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында құқық қорғау қызметінің беделін арттыру, патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ қызметкерлердің отбасылық құндылықтарын насихаттау болды. Байқауға әртүрлі жастағы балалар белсенді қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен қиялдарын сурет арқылы көрсете білді.

“Мен полиция боламын” тақырыбы аясында балалар болашаққа деген армандарын қағаз бетіне түсіріп, полиция қызметіне деген қызығушылықтарын білдірді. Олардың туындыларында әділдік, ерлік пен батылдық сынды құндылықтар бейнеленді. Көптеген жұмыстарда құқық қорғау саласындағы қызметтің маңыздылығы – азаматтарды қорғау, тәртіпті сақтау сияқты міндеттер суреттелді.

Ал “Менің ата-анам полицей” тақырыбындағы жұмыстарда балалар өз ата-аналарының еңбегіне деген мақтаныш пен құрметті көркем түрде жеткізе білді. Суреттерде тәртіп сақшыларының күнделікті қызмет барысындағы көріністері мен отбасылық жылылық әсерлі бейнеленген.

Байқау соңында барлық қатысушы балаларға естелік сыйлықтар табысталып, олардың шығармашылығына жоғары баға берілді.

Іс-шара соңында тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің аға инспекторы Айғаным Жетмекова балалар мен ата-аналарға алғысын білдіріп, осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың бойында патриоттық сезім мен құқық қорғау қызметіне деген оң көзқарас қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру