Екібастұзда тыйым салынған жерде шомылғандарға ескерту жасалды
Екібастұзда тыйым салынған жерде шомылғандарға ескерту жасалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының полицейлері таңғы уақытта Солнечный кенті аумағындағы Шандықсор су айдынында рұқсат етілмеген жерде шомылып жүрген ауыл тұрғындарын анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айта кетерлігі, бұл су айдынында шомылуға тыйым салынғанын білдіретін ескерту белгілері орнатылған.
– Тыйым салынған және қауіпті аймақтарда шомылу — судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік құқық бұзушылық болып қана қоймай, ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан да полиция қызметкерлері демалушыларды су жағасындағы қауіпсіздік белгілеріне мұқият қарап, тәртіп пен ережені сақтауға шақырады, – делінген Екібастұз қалалық полиция басқармасының хабарламасында.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, әр адам өзінің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Су айдындарындағы тәртіп — жай ереже емес, адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Полиция қызметкерлері су маусымы аяқталғанша мұндай рейдтік тексерулерді тұрақты түрде жүргізуді жалғастырады.