Күн сайынғы ерлік: Полицейлер өмірді құтқаруды міндет санайды
Шығыс Қазақстан полицейлері үшін адам өмірін сақтау – жай ғана қызметтік міндет емес, жүректен туған азаматтық парыз. Жыл басынан бері тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында оннан астам адам ажал аузынан аман қалды. Бес бірдей отбасыны өрттен құтқарып, түрлі төтенше жағдайларда көмек көрсеткен олар үшін бұл – үйреншікті іс. Polisia.kz сайты ержүрек полицейлер туралы баяндап береді.
Полицейлер мұны ерлік деп есептемейді. "Бұл – біздің кәсібіміздің бір бөлшегі ғана", – дейді олар қарапайым ғана. Жарқыраған мінберлер мен қошемет күтпейді. Өйткені, олар үшін шынайы ерлік – жалынды ұран емес, әрекетке көшудің дәл сәті. Адам тағдырына салғырт қарамай, өз басын қауіпке тігіп, шұғыл шешім қабылдау – олардың күнделікті жұмысының бір парасы.
Бір оқиғада тәртіп сақшысы жанып жатқан үйден адамды құтқарса, енді бірінде жол апатынан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, қираған көлік ішінен шығарып алған. Тағы бір жағдайда газдан уланудың алдын алып, тұрмыстық жанжалдың ушығуына жол бермеген.
- Көмек сұраған дауыс естілсе, артық ойлануға уақыт жоқ – біз әрекет етеміз, – дейді офицерлердің бірі.
Олар жайлы көп айтылмайды, көп жазылмайды. Бірақ дәл осы қарапайым қаһармандар – бейбіт күннің шын батырлары. Ерлік – олар үшін таңғы қызметке шыққанда-ақ басталады. Күн сайын қауіптің ортасында жүріп, өз міндетін адал атқаратын олар – халық сенімінің тірегі. Бейбіт өмірдің тыныштығы – дәл осындай жанқияр жандардың иығында.