Алматыда есепте тұрған азаматтар нарколог-дәрігермен кездесті
Алматыда есепте тұрған азаматтар нарколог-дәрігермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Отбасы" жедел-профилактикалық іс-шарасы, сондай-ақ жарияланған "Профилактика жылы" аясында Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатын және профилактикалық есепте тұрған адамдармен мақсатты жұмыс жүргізді. Полиция бөлімшесіне нарколог-дәрігер шақырылып, есепте тұрған азаматтардың әрқайсысымен жеке әңгімелесу жүргізілді.
Әңгімелесу барысында зорлық-зомбылықтың салдары, отбасылық ортаға тигізетін әсері, сондай-ақ тәуелділіктен шығудың ықтимал жолдары мен емдеудің қолжетімді түрлері талқыланды.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе маскүнемдікке бейім барлық адамдар учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында. Бірақ бүгінде құқық бұзушылықтарды есепке алу ғана емес, олардың алдын алу маңызды. Сондықтан дәрігерлер, психологтар мен қолдау қызметтерді тарта отырып, ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз - отбасын сақтап қалу және келеңсіздіктердің алдын алу, - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Мұндай кездесулер жағдайды бақылауға ғана емес, диалог құруға, адамдарға көмектесуге дайын екенін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе отбасылық жанжалдар, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық тудыратындардың әрекеттері үшін өте маңызды.