Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ата жолын жалғаған өнегелі отбасы

Оразовтар династиясы - нағыз адал қызметтің, берік отбасылық құндылықтардың үлгісі. Отанға адал қызмет атқарған отбасының өмірі жайлы Polisia.kz. редакциясы баяндайды. 

Күнделікті күйбең тірлікте қандай да бір заң бұзушылықтар орын ала қалған жағдайда алдымен тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінетініміз хақ. Түрлі қылмыс атаулының алдын алып, ұры-қары, бұзақыларды құрықтап, қырандай қырағылықпен қоғамның тыныштығын күзететін де осы сақшылар.

Кез-келген кәсіпте отбасылық әулет құрметті орында, Отанға және өз халқына қызмет ету Оразовтар отбасы сияқты ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Дәл осы династияда қызметке деген құрмет, борышқа деген адалдық, мамандықтың беделі бала кезден бастау алады. Бұл отбасы — нағыз адал қызметтің, берік отбасылық құндылықтардың үлгісі.

Полиция капитаны Оразов Оспан 1934 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
1952 жылы Қызылорда қаласындағы № 1 май атындағы орта мектепті бітіріп, осы жылы Қызылорда облысы ішкі істер басқармасының жолдауымен Свердловск қаласындағы өрт сөндіру техникалық училищесіне түседі.

1955 жылдан Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының жолдауымен Қызылорда қаласының ішкі істер өрт сөндіру саласында қызмет атқарды. 1960-1965 жылдары аралығында Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында қызмет атқарды.

1970 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітірді. Облыстық ішкі істер басқармасының жолдауымен Қызылорда қаласындағы Спецкомендатурада жұмыс істеп жүріп 1972 жылы 12 ақпанда қылмыскердің қолынан қаза тапты.

Полиция капитаны Оразов Оспан жұмыс істеп жүрген жылдар аралығында үздік қызметі үшін облыстық, қалалық ішкі істер басқармасының марапаттарына ие болған. 1972 жылы 2 маусым күні Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен қызмет бабында қаза тапқан полиция капитаны Оразов Оспан Дүйсенбайұлы "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталды. Ол кісінің баласы Оразов Серікбек Оспанұлы 1976 жылы ҚСРО ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін бітіріп, Қызылорда қалалық ішікі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінде еңбек жолын бастап, осы салада зейнетке шыққан.

Бүгінде ата жолын жалғаған Оразов Қуанышбек Серікбекұлы Қызылорда облысы полиция департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарады. 1996 жылы ҚР ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін бітіріп келіп, қызметін экономикалық қылмыстармен күресу, криминалды полиция, ұйымдасқан қылмыспен күресу және экстремизмге қарсы күрес салаларында қызмет атқарған.

Бүгінде осы бір берекесі де, мерекесі де мол, өскен-өнген үлкен әулеттен шыққан әрбір перзент бір-бір үлгілі отбасы атанып отыр. "Адам ұрпағымен мың жасайды" дегеніміз осы шығар. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбек жолымен танылған әулетте атасы, әкесі және ұлының құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру