Заң мен тәртіпті ту еткен отбасы
Қазақстан полициясы күні – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына көрсетілер құрметтің жарқын көрінісі. Осындай жауапкершілігі зор қызметті отбасы болып бірге атқарып жүрген азаматтар жайлы Polisia.kz ақпарат ұсынады.
Солардың бірі – Жамбыл облысы Жуалы ауданының полиция қызметкерлері Дауитов Байжан Миятбекұлы мен Орынбек Меруерт Ержігітқызы.
Байжан Миятбекұлы – полиция майоры, бүгінде Жуалы аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде аға жедел уәкіл қызметін атқарады. 1991 жылы дүниеге келген. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2009 жылы бастайды. 2011 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде еңбек жолын жалғастырып, 2012 жылдан бастап жедел уәкіл, ал 2020 жылдан бері аға жедел уәкіл ретінде аудан көлеміндегі қылмыстардың ашылуына сүбелі үлес қосып келеді.
Ал жары Меруерт Ержігітқызы Жуалы ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімінде аға тергеуші, полиция майоры. 1993 жылы дүниеге келген. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Меруерт 2014 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясын тәмамдап, сол жылдан бастап 2021 жылға дейін анықтау тобында анықтаушы болып қызмет етті. Соңғы жылдары аға тергеуші ретінде қылмыстық істерді тергеп, өз кәсібилігін күнделікті істермен дәлелдеуде. Аудан көлеміндегі қылмыстардың ашылуында айтарлықтай жоғары нәтижелерге қол жеткізген Меруерт “ІІО үздігі” төсбелгісіне ие болды.
Сондай-ақ қос полицей қызметтегі жетістіктері үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ, облыстық ПД алғыс хаттары, грамоталарымен марапатталған.
Бұл ерлі-зайыптының таныстығы да осы қызметтен бастау алған. 2014 жылы Жуалы аудандық полиция бөлімінде алғаш кездесіп, 2016 жылдың қыркүйек айында шаңырақ көтереді. Бүгінде бұл үлгілі отбасы үш перзент тәрбиелеп отыр – екі ұл мен бір қыз.
— Ортақ мақсатымыз – қылмыстың алдын алып, қоғамда тыныштық орнатуға үлес қосу. Ең бастысы – балаларыма адалдық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсету, – дейді Меруерт Ержігітқызы.
Ал Байжан Миятбекұлы болса:
— Біз үшін отбасы – береке мен бірліктің қайнар көзі. Қызмет пен отбасыны қатар алып жүру – жауапты іс. Бірақ өз ісіңе деген сүйіспеншілік болса, бәрі де мүмкін, — деп бөлісті.
Полицейлер отбасысы – бүгінгі қоғамға үлгі боларлық жанұя. Олар үшін полиция формасы – жай ғана қызметтік киім емес, бұл – ел алдындағы адалдықтың, жауапкершіліктің және сенімнің нышаны.
Олардың еңбегі – қоғам тыныштығының кепілі, ал отбасылық татулығы – болашақ ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ іспеттес десек болады.
Заң мен тәртіпті ту еткен полицей отбасысы — бейбіт елдің тыныштық шаңырағы.