Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда түнгі клуб күзетшілерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді

Оралда түнгі клуб күзетшілерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оралда түнгі клубтардың бірінде күзет қызметін атқарған тұлғалардың заңсыз әрекеттері анықталып, жолы кесілді. Келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету орнына, күзетшілер керісінше қатыгездік танытып, күш қолданумен айналысқан.

Арнайы операция барысында күдікті топ мүшелері тек Оралда ғана емес, сондай-ақ Алматы және Ақтау қалаларында да ұсталды. Барлығы — Батыс Қазақстан облысының тумалары. Олардың төртеуі бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Жалпы ішкі істер органдарына 17 адам жеткізілді, оның ішінде 8 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы бөлімшелердің қолдауымен жүргізген.

Тергеу барысында анықталғандай, күзетшілер келушілерге жүйелі түрде және негізсіз күш қолданған, соның салдарынан жәбірленушілер түрлі дене жарақаттарын, оның ішінде ауыр зиян келтірген. Көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымдануға қорқып, үнсіз қалған. Оған себеп — күдіктілер тарапынан қысым мен қудалау қаупі болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша істер қозғалды: екі немесе одан да көп адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, топпен жасалған бұзақылық.

Тінту кезінде келесі заттай дәлелдер тәркіленді: 7 радиостанция (соның ішінде біреуі — полиция қызметкерлеріне арналған байланыс құралы), пышақтар, бұрышты газ баллон, бейсбол таяғы, жақын шетелдерге тиесілі болуы мүмкін 10-ға жуық көлік нөмірлік белгісі.

Департамент өкілдері түнгі ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Полиция заң аясында әрекет етіп, басты басымдықты азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға беріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру