Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанда есірткімен күрес күшейтілді: жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Ішкі істер министрлігі елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысын ұсынды, - деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Брифинг барысында ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда есірткіге қатысты 1 445 қылмыс тіркеліп, олардың 991-і сату фактісі ретінде анықталған. Сонымен қатар аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 165 дерек тіркелген.

Заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 476 кг синтетикалық есірткі бар. 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

- Интернет желісі арқылы есірткі қылмыстарын анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне 16 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттау жөнінде сұраныс жіберілген. Дегенмен бүгінде есірткі жарнамасы "жасырын" сипатқа көшіп, хабарландыру сайттары арқылы таралуда, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Маусым айында басталған "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы да өз нәтижесін беруде. Бұл операция маусымның 1-інен қазанның 31-іне дейін жүргізіледі.

Биыл "Қарасора" операциясы аясында 299 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 168-і қылмыс. Заңсыз айналымнан 1 тонна 788 кг есірткі, 6 тонна прекурсор тәркіленіп, 7 155 түп қарасора жойылды. Барлығы 272 адам ұсталды.

- Түркістан облысында трамадол препаратын заңсыз сатумен айналысқан бір ұйымдасқан топ құрықталды. Сондай-ақ төрт есірткі зертханасы жойылды, олардың екеуі синтетикалық заттар өндірсе, қалған екеуі фитозертхана болған, - деді ІІМ баспасөз хатшысы.

Одан бөлек, Абай, Павлодар және Жамбыл облыстарында үш ірі ішкі есірткі арнасы жойылды.

- Қарасора өсетін аймақтарды бақылау үшін ІІМ Ұлттық ұланының тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз аппараттары қолданылуда. Бұл құрылғылар шөлді, қолжетімсіз аймақтарда есірткі өсімдіктерін бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ орманшылармен, геологиялық барлау компанияларымен, шаруа және аңшылық қожалықтарымен тығыз әріптестік орнатылған, - деді спикер брифинг барысында.

Бұл шаралар Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру