Павлодар облысында тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау жолдары айтылды
Павлодар облысы Шарбақты ауданында жаз мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ауыл тұрғындарына арналған сабақ өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара "Заң және Тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында өткізілді. Мақсаты – қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру.
Акция аясында полиция қызметкерлері аулаларды аралап, бұрын сотталған азаматтарды, есепте тұрған отбасылар мен азаматтарды, сондай-ақ атыс қаруы иелерін тексерді. Ерекше назар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер қылмысының және есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алуға аударылды.
Азаматтарға қолданыстағы заңнама түсіндіріліп, заңдарды сақтау және қоғамдық тәртіпті бұзбау қажеттігі ескертілді. Кездесулер барысында кәмелетке толмағандардың бос уақытын қадағалаудың маңыздылығы туралы ата-аналарға және ересектерге арнайы ескерту жасалды.
Мұндай акциялар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.