Қызылорда облысында есептегі сотталғандар арасында отбасылық эстафета ұйымдастырылды
Қазалыда пробация есебіндегі сотталғандар арасында "Ерлік – басты құндылық" атты отбасылық эстафета өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қазалы аудандық пробация қызметі есебіндегі тұлғалар арасында "Ерлік – басты құндылық" атты отбасылық эстафеталық жарыс өткізілді. Шараны Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру болды.
Жарыс барысында қатысушы отбасылар түрлі спорттық кезеңдерден өтіп, ұйымшылдық пен шапшаңдықтарын көрсетті. Эстафета жоғары көңіл күймен өтті, қатысушылар белсенділік танытып, жақсы ойын үлгісін көрсетті.
Жарыс нәтижесінде үздік атанған отбасылар жүлделі орындарға ие болып, арнайы марапаттармен марапатталды.
– Отбасымызбен қатысып жатырмыз, керемет ойын болды. Бір-бірімізге сеніп, қолдау көрсеттік. Жүлделі орын алып, қуанып отырмыз. Осындай шаралар көп болса екен, – деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табатынын атап өтті.