СҚО-да полицейлер балалар арасында шағын футболдан ашық турнир ұйымдастырды
Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының полиция қызметкерлері аудан әкімдігі мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлерімен бірлесіп, 2015-2016 жылы туған балалар арасында алғаш рет шағын футболдан ашық турнир ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тимирязевтік жасөспірімдерден бөлек, жарысқа Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Қызылжар аудандарының командалары қатысты.
Тимирязев ауданындағы "Арлан" жабық хоккей кортында өткен турнир Қазақстан полициясы күніне арналды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов балаларды салауатты өмір салтымен қатар, белсенді азаматтық ұстанымды қолдауға шақырды.
– Сіздердің араларыңыздан ертең болашақ полицейлер, полковниктер, тіпті генералдар да шығуы мүмкін. Ең бастысы – Заң мен Тәртіпке құрметпен қарайтын патриот болыңыздар, – деді ол жас спортшыларға.
Тартысты өткен жарыста алаң иелері сенімді жеңіске жетіп, ақтық ойында 4:1 есебімен басым түсті. Екінші орынды Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның командасы иеленсе, қызылжарлықтар үздік үштікті түйіндеді. Тайынша ауданының екі ойыншысы "Үздік қақпашы" және "Ең жақсы ойыншы" номинацияларын жеңіп алды. Жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен дипломдар табысталды.
Аудандық полиция бөлімінің кубогы үшін ашық турнирді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.