Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Ішкі істер министрлігінде Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары қаралып, екінші жартыжылдыққа арналған басым бағыттар айқындалды.

Кеңес аясында 13 алдын алу іс-шарасы жүзеге асырылып, есірткіге қарсы 16 бейнеролик пен подкаст түсірілді. Елдің алты өңіріне іссапарлар ұйымдастырылып, жастармен кездесулер, семинарлар және дәрістер өткізілді. Есірткі қаупіне қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған ауқымды "Esirtkisiz QAZAQSTAN" жобасы іске қосылды.

Отырыс барысында кеңес құрамы кеңейтіліп, БАҚ, спорт және денсаулық сақтау салалары бойынша жұмыс топтары құрылды. Жаңа жұмыс жоспары бекітілді. Есірткіге қарсы күреске қосқан жеке үлесі үшін кеңес мүшелері Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды.

– Кеңес – бұл жай орган емес, әрбіріңіз өз идеяларыңызды іске асырып, қоғамды есірткі қаупінен қорғауға үлес қоса алатын ашық алаң. Әрқайсыңызға рақмет. Алда жазғы демалыс уақыты, бұл кезеңде алдын алу жұмыстары ерекше маңызға ие, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық шеңберінде республика бойынша кең ауқымды акциялар, марафондар, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар өткізілді. Бұл елімізде есірткіге қарсы күрес жалпыхалықтық міндет екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру