Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция азаматтарды қоғамдық орындарды ластамауға шақырады

Абай облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында екі мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында жыл басынан бері республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 2100-ден астам фактісі анықталды.

Акцияның мақсаты – тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу.

Өңір полициясы ұсақ бұзақылық, соның ішінде көшеге қоқыс тастау, темекі тұқылдарын лақтыру сияқты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған шараларды күшейтті. Мұндай әрекеттер қоғамдық мораль нормалары мен заң талаптарына қайшы келеді. Бұл бағытта бейнебақылауға ерекше назар аударылуда. Семей қаласының жедел басқару орталығының бейнекамералары құқық бұзушылықтарды тұрақты түрде тіркеп отырады. Мәселен, азаматтардың көшеге қоқыс пен темекі тұқылдарын тастаған жағдайлары бірнеше рет анықталған. Аталған әрекеттер үшін жыл басынан бері 2156 адам жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік – қауіпсіз әрі жайлы қоғамның маңызды белгісі. Тек ортақ күш-жігердің арқасында ғана таза, көрікті және тәртіпке бағынған орта қалыптастыруға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру