Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сақтықта қорлық жоқ: полиция велосипед ұрлығы туралы ескертуде

Ертіс өңірінде полицейлер велосипедті ұрлықтан қалай қорғауға болатынын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері велосипедтерді қараусыз қалдырмау туралы бірнеше мәрте ескерту жасағанымен, ұрлық фактілері әлі де тіркеліп отыр. Мұндай жағдайлардың басты себебі – тұрғындардың салғырттығы. Көп жағдайда велосипед иелері мүліктерін сақтауға қажетті қауіпсіздік шараларын қолданбай, қараусыз тастап кетеді.

Мәселен, Павлодар қаласында жасөспірім полицияға велосипедінің жоғалғаны туралы хабар берген. Белгілі болғандай, ол екі дөңгелекті көлігін Ломов көшесіндегі дүкеннің қасына қалдырған. Тағы бір жағдайда қала тұрғыны Торайғыров көшесіндегі үйінің ауласынан спорттық велосипеді ұрланғанын айтып, полицияға жүгінген. Қазір тәртіп сақшылары аталған фактілер бойынша күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полицейлер тұрғындарға велосипедтерін адам көп жүретін, жарық әрі бейнебақылау камералары орнатылған жерлерге қалдыруға кеңес береді. Сондай-ақ арнайы велосипед сарайларын немесе бекіткіш құралдарын пайдаланудың тиімді екенін айтады. Велосипедті қоршауға бекіткенде оның мықтап байланғанына және құрылғының сенімділігіне көз жеткізу қажет. Сонымен қатар велосипедке өшірілмейтін белгілер, суреттер немесе ерекше жазулар түсіру де – ұрлықтың алдын алатын бір тәсіл.

Егер ұрлық фактісі тіркелсе, бірден полицияға хабар беру керек. Өкінішке қарай, кей азаматтар өз мүлкін өздері іздеуге тырысып, құқық қорғау органдарына кеш жүгінеді. Бұл қылмысты ашуға кедергі келтіріп, уақытты жоғалтуға себеп болады.

— Құрметті тұрғындар, өз мүлкіңіздің қауіпсіздігі – ең алдымен өз қолыңызда! Полиция ұсынған қарапайым кеңестерге құлақ асыңыз. Себебі ұрының жолында тұрған кез келген кедергі – сіздің мүлкіңізді аман алып қалуы мүмкін. Егер қылмысқа куә болсаңыз немесе құрбанына айналсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріңіз, – делінген ведомствоның хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру