Алматыда "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Алматыда "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Науқанның мақсаты – отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
- Профилактикалық іс-шара - тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың басты құралы. Шара аясында біз қауіп-қатер тобындағы отбасылармен мақсатты жұмыс жүргізуге назар аударып отырмыз. Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері аудан әкімінің аппаратымен бірлесіп, полицияда профилактикалық есепте тұрған, соның ішінде жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған балаларымен тұрып жатқан және материалдық қиындықтарға тап болған отбасыларды аралауда. Түрксіб ауданы әкімдігінің қолдауымен оларға ең қажетті азық-түлік жиынтықтары табысталды, - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.
Учаскелік инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу бойынша жеке кеңестер берілуде.
Талдау көрсеткендей, отбасындағы құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі алкогольді шамадан тыс қолдану салдарынан болады. Мұндай іс-шаралар ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" науқаны – Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында полицияның жүйелі алдын алу жұмысының негізгі бір бөлігі.