Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың басынан бері Абай облысының полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1977 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Мұндай әрбір жағдай – дереу әрекет етуді талап ететін дабыл.
Қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жәбірленушілерді қорғау мақсатында ішкі істер органдары тиімді құқықтық тетіктерді қолдануда. Атап айтқанда, құқық бұзушыларға қатысты 172 ерекше талап қойылып, олардың мінез-құлқы мен жәбірленушімен байланысына белгілі бір шектеулер енгізілді. Сондай-ақ 299 қорғау нұсқамасы беріліп, құқық бұзушыларды уақытша оқшаулауға мүмкіндік туып, жәбірленушілер үшін қауіпсіз орта қамтамасыз етілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ішкі істер органдары жүйелі жұмыс жүргізуде: түсіндіру әңгімелері өткізіліп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік және медициналық қызметтер тартылуда.
Полиция азаматтарды үнсіз қалмауға шақырады. Егер сіз зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз – бірден көмекке жүгініңіз. Қорғау, қолдау көрсету және қауіпсіздікті қалпына келтіру – әрбір полиция қызметкерінің басты міндеті.