Астанада көлік нөмірін қағазбен жауып қойған жүргізуші анықталды
Астанада жол ережесін бұзған көлік жүргізушісі анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика даңғылы бойында патрульдік қызмет барысында елордалық патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai көлігін тоқтатты. Анықталғандай, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі жартылай жабылған — жүргізуші нөмірдегі әріптердің бірін қағазбен жапқан. Осылайша ер адам жол ережелерін бұзғаны үшін автоматты тіркеуден жалтармақ және ақылы автотұрақтарда төлем жасамау ниетінде болған.
Мемлекеттік нөмірлік белгіні әдейі бұрмалау немесе жартылай жасыру — жалған нөмірлік белгіні қолданумен тең деп танылады және жауапкершілікке әкеледі.
Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, екі тәулікке қамауға алынды. Автокөлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция ескертеді: нөмірлік белгіні жасыруға, өзгертуге немесе бұрмалауға бағытталған кез келген әрекет заң бұзушылық. Мұндай фактілер міндетті түрде тіркеліп, кінәлілер жауапқа тартылады.