Түркістанда алғаш рет самбодан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан чемпионаты өтіп жатыр
Түркістан қаласында алғаш рет Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының спорттық және жауынгерлік самбодан біріншілігі басталды. Чемпионатқа құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдерінде қызмет ететін сарбаздары мен офицерлері қатысып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарыс Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтуде. Ашылу салтанаты қызмет барысында қаза тапқан жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қонақтар қатарында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сапар, Түркістан гарнизонының бастығы Талғат Мажимбеков және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбдісадық Халилаев болды. Олар жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ 2016 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қатардағы жауынгер Досбол Сапардың ата-анасы да сөз сөйлеп, ұлдарын ұмытпай, есімін құрметпен еске алып отырған Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына алғыстарын білдірді.
Ашылу рәсімінен кейін боз кілемге шыққан 70-ке жуық спортшы алғашқы белдесулерін өткізді. Жарысқа қатысушылар 7 командаға бөлініп, әр салмақ дәрежесінде жекпе-жекке түсті.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы Сәтжан Әбішевтің айтуынша, чемпионатқа Қазақстан мен Азия біріншіліктерінің жеңімпаздары және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері де қатысып жатыр. Оның мәліметінше, Түркістанда алғаш рет ұйымдастырылған бұл дода алдағы уақытта басқа өңірлерде де жалғасын табады. Сонымен қатар жарыста жеңіске жеткендер шілде айының соңында өтетін Ішкі істер министрінің кубогіне жолдама алады.
Айта кетейік, чемпионат үш күнге созылады. Ұландықтар 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Финалдық белдесулер 16 шілде күні өтеді.