Алматыда жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді
Алматыда жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында өткен демалыс күндері мамандандырылған патрульдік полиция батальонының күшімен жол жүру ережелерінің өрескел бұзылуын анықтау және жолын кесу мақсатында кең ауқымды рейдтік іс-шара өткізілді. Әсіресе, түнгі уақытта жол-көлік оқиғаларына және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында әйнектерін заңсыз күңгірттеген, ішімдік ішіп көлік басқарған, құжатсыз немесе жүргізу құқығы жоқ жүргізушілер, сондай-ақ сақтандыру полисі жоқ көлік құралдары тексерілді. Нәтижесінде 94 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың қатарында мас күйінде көлік басқару, мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгілерсіз жүру, құжатсыз көлік жүргізу, қауіпті маневр жасау және басқа да бұзушылықтар бар. Кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына жол бермеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Мәселен, шілденің 27-сіне қараған түні сағат 02:20 шамасында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер Mercedes автокөлігін тоқтатқан. Оның тізгінінде Алматы қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны болған. Жас жүргізуші Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, көлік арнайы тұраққа қойылды.
- Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы – бұл формальдылық емес, қала көшелерінде атқарылып жатқан нақты жүйелі жұмыс. Біз Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидасы аясында әрекет етеміз. Экипаждарымыз күн сайын ондаған өрескел құқық бұзушылықты анықтап жатыр. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың рөлге отыруы алаңдатады. Әрбір осындай жағдай ата-аналарға жеткізіліп, бақылауға алынады. Профилактика – бұл қауіпсіздік пен жауапкершілік, – деді, Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.