Түркістан облысында абаттандыру қағидаларын бұзған екі тұрғын жауапқа тартылды
Түркістан облысында абаттандыру қағидаларын бұзған екі тұрғын жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Созақ ауданының учаскелік полиция инспекторлары аудан аумағын аралау барысында арнайы шұңқыр қазып, оған 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық төккен екі тұрғынды анықтады. Аталған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Сонымен қатар көше бойына тұрмыстық қалдықтарды шығарып қойған бес тұрғын анықталып, оларға да тиісті шаралар қолданылды.
Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторлары аудан аумағында рейдтік іс-шараларды жалғастырып, тазалық талаптарының сақталуын бақылауда.
Полицейлер тұрғындарды қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға шақырады.
