ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары танымал тұлғалармен жүздесті
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары танымал тұлғалармен жүздесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 3517 әскери бөлімінде ерекше рухани іс-шара өтті. 1-2025 жылғы шақырылым сарбаздары Степногорск қаласының танымал тұлғаларымен жүздесіп, ел мен жерге адал қызмет етудің мәнін тағы бір терең түсінді.
Әскери бөлім клубында ұйымдастырылған кездесуге Степногорск қалалық мәслихатының депутаты Нина Оразбаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Фарида Есжанова, ауған соғысы ардагерлері одағының жетекшісі Салихжан Гамастинов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кайрулла Исаев және "Десанттық бауырластық" қоғамдық ұйымының төрағасы Константин Каргин қатысты.
Қонақтар сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, жастармен ашық сұхбат құрды. Өз өмірлерінен алынған тағылымды мысалдар мен ел алдындағы жауапкершілік жайлы әңгімелері сарбаздарға үлкен рух берді. Іс-шара барысында үздік қызметімен көзге түскен жауынгерлерді ардагерлер арнайы марапаттап, алдағы әскери міндеттеріне сәттілік тіледі.
Шара соңында 3517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Б.Куланбаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, сарбаздармен бірге естелік суретке түсті.
Бұл кездесу — ұрпақтар сабақтастығының, отансүйгіштік пен азаматтық борышты терең түсінудің жарқын көрінісі болды.