Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталған азамат некесін қиды
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталған азамат некесін қиды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №9 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат өзінің сүйіктісімен ресми түрде некеге тұрды.
Неке қию рәсімі мекеме әкімшілігінің қолдауымен және Ақтөбе облысы әділет департаментіне қарасты АХАТ бөлімінің қатысуымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілді. Салтанатты шара шағын форматта өткенмен, ерекше толқу мен шынайы эмоцияға толы сәт болды. Неке куәлігін жас жұбайларға мекеме әкімшілігі салтанатты түрде табыстады.
Арнайы есепке алу бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың моральдық-психологиялық жағдайына оң әсер етіп, олардың қоғамға бейімделуіне, дұрыс жолды таңдауға септігін тигізеді. Отбасы – адамды түзету мен қолдаудың маңызды факторы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, сотталған азаматтарға неке қию құқығы қарастырылған. №9 мекеме басшылығы барлық қажетті жағдайды жасап, жас жұбайлардың жаңа өмірге сеніммен қадам басуына мүмкіндік берді.
Жазасын өтеуші азамат пен оның зайыбы болашақта отбасылық жылулық пен сүйіспеншілікке толы өмір құруға үміт артып
отыр.